Атап айтқанда, Абай ауданында орналасқан көне түркі дәуіріне жататын Қоңыр әулие үңгірі мен Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай ата кесенесінде атқарылған жұмыстардың барысымен танысты. Бұл екі нысан да облыстағы киелі жерлер картасына енгізілген. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» аясында мұндай орындарға күрделі жөндеу жүргізіліп, қызмет көрсету сапасы жақсармақ.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әртүрлі 61 жоба енгізілген. Олардың қатарында музей салу, киелі жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көптеген игі істер бар. Бұл жұмыстардың барлығы алдағы 6 жылға жоспарланып, «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» «Атамекен» деген арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Ол үшін бюджеттен 28 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек.
Өңірге сапары барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге кейбір киелі орындарға барды. Соның бірі Қоңыр әулие үңгірі ел арасында тарихи аңыздарымен және емдік қасиетке ие суымен белгілі. Әлі күнге ғалымдар үңгірдегі көл суының құрамын зерттеп, құпиясын аша алмай келеді. Жаугершілік заманда қазақтың қалың қолы осы көлге шомылып, жарақаттарынан айығып отырған деген де аңыз әңгіме бар. Сондықтан бұл табиғи ескерткіш ежелден ата-бабамыздың зиярат ететін орталығы болған. Мұнда кезінде данышпан Абай мен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те келген. Кейін М.Әуезов өзінің «Абай жолы» романында үңгір туралы айтып өтеді.
Бүгінде Қоңыр әулие үңгіріне жылына 10 мыңға жуық саяхатшылар мен зияратшылар келеді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мемлекеттік бағдарлама аясында бұл жерге барлық инфрақұрылым жүйесі жүргізілген кезде келушілердің саны бұдан да көбейіп, географиясы да кеңейе түсетініне ерекше назар аударды.
«Елбасымыз әрдайым ұлтымыздың ұлы ақыны Абай мұрасын қадірлеп, барша халықты оның өлеңдері мен қара сөздерінен өнеге алуға шақырып келеді. Президентіміз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да Абай атамыздың бүкіл әлемдегі оқу, білім, мәдениеттің ең озық үлгілерінен үйрену жөніндегі өсиеттерімен өзектес. Ендеше ұлы ойшылдың ізі қалған Қоңыр әулие үңгірі сияқты мекендер біз үшін нағыз киелі жер болуға тиіс. Туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары Тарбағатай ауданындағы «Ырғызбай ата» мемориалды кешенінде болды. Ырғызбай ата кесенесі – ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған діни архитектуралық ескерткіш. Ырғызбай Досқанаұлы заманында қазақ даласындағы дәрілік шөптердің қасиеттері мен қолдану тәсілдерін жетік меңгерген әйгілі емші және сынықшы болған. Бүгінге дейін жеке адамдардың қолында болған кешен биыл мемлекет меншігіне өткізілген. Соған байланысты қазіргі таңда бұл орында «Туған жер» бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Кешенде кесенеден бөлек, мешіт, «Аманат» музейі және үш мыңнан астам кітап қоры сақталған «Дала даналары» кітапханасы жұмыс істейді. Кешеннің шырақшысы Болат Тағабайдың айтуынша, мұндағы кітаптардың ішінде Ибн Синаның ХVII-XVIII ғасырларда жазылған медициналық трактаттары да бар екен. Музейдегі жәдігерлердің де көненің көзі екенін аңғару қиын емес. «Музейде 600-ге жуық жәдігер сақталған. Олардың арасында ескі заманда қолданылған тұрмыстық бұйымдардан бастап ХІХ-ХХ ғасырда жасалған, бүгінде халық тұтынбайтын шоқ үтік, патефон сияқты заттар, тон, ішік сияқты ескі киімдер де бар. Олардың бәрін мұнда жергілікті халық өздері әкеліп береді», дейді Б.Тағабай.
Ал Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Асхат Смаилов кешенді абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінгенін айтты. Соның арқасында келушілерге көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып, болашақта жылына 5 мың адамға дейін зияратшыларды қабылдау жоспарланған.
Жоғарыда айтқанымыздай, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Негізі бұл өңірдің тарихи жәдігерлер мен киелі мекендерге бай екені белгілі. Соның бәрі тізімге алынып, арнайы бағдарламалар қабылданды. Нәтижесінде, Қоңыр әулие үңгірі және Ырғызбай ата кесенесімен қатар, өңірдегі киелі жерлер картасына Шілікті, Берел қорымдары, Аблайкит ғибадатханасы, «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені, Қиын-Керіш, Белуха, Ашутас таулары, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» кесенесі, «Алаш арыстары» музейі және тағы басқа қастерлі орындар енгізілген. Осылардың ішінде біздің заманымызға дейінгі VIII-VI ғасырларға тиесілі, Зайсан ауданында орналасқан Шілікті қорымының орны бөлек. Тарбағатай, Сауыр-Сайқан және Маңырақ тауларымен қоршалған Шілікті жазығын кезінде сақ тайпалары мекендеген. Сол себепті де бұл жерден сақ-үйсін дәуірінің алтын бұйымдары мен 200-ден астам ескерткіші табылды. Олардың елуге жуығы патша мен ақсүйектердің обасы. Соның ішінде Бәйгетөбе обасынан табылған Шілікті алтын адамы тарихымызды әріден зерттеуге мол мүмкіндік берді.
Қатонқарағай ауданындағы Берел қорымының да ел тарихындағы алар орны ерекше. Сақ және түркі кезеңдеріне жататын 70-тен астам обадан құралған қорымда ежелгі көшпенділер мен көне түркі заманының бұйымдары табылған. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, бұл жердегі ең көне қорған біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға тән, ал ең бергісі біздің заманымыздың VII-VIII ғасырларында тұрғызылған. Қорымға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі бүкіл әлемге ежелгі атбегілік өнердің қазақ даласынан бастау алатынын паш етті. Әлі күнге қазба жұмыстары жүріп жатқан қорымнан таяуда ғана, яғни осы жылдың тамыз айында 7 метр тереңдіктен әйел адамның мүрдесі табылған. Археологтар оны 3 мың жыл бұрын жерленген деп болжам жасап отыр. Ел тарихының тамырын бірнеше мың жылға жалғайтын Берел қорымын 1999 жылы Елбасы арнайы барып көріп, содан бері қазба жұмыстарының тоқтаусыз жүруіне барлық жағдайды жасап келеді. Ал 2008 жылы Үкімет Қаулысымен бұл жерде «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрылды. Бүгінде онда 600-ден астам жәдігер бар.
Адамзат өркениетінің алтын бесігі болған Алтай жерінде тарихи қорғандар мен көне жәдігерлер өте көп. Тіпті әлемдік діндердің ескі ғибадатханалары да кездеседі. Мәселен, 1654 жылы Қалба тауында салынған Аблайкит қорғаны кезінде буддистердің ғибадатханасы болған. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен салынған «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені де тек Шығыс Қазақстан облысы үшін емес, барша Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Белуха, Қиын-Керіш, Ашутас таулары сияқты табиғат-ана тарту еткен құндылықтарымыз да талай тарихтың куәсі ретінде баға жетпес асыл мұрамыз болып саналады. Мұндай жәдігерлер Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты сақтауда да ерекше рөл атқарады.
Осындай тарихи-мәдени ескерткіштерімізді халық арасында кеңінен насихаттап, оның құндылығын дәріптеудің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның нәтижесінде көптеген тарихи ескерткіштер күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың тағзым ететін, отандық және шетелдік туристердің жиі келетін, қазақ тарихынан сыр шертетін киелі орындарға айналып отыр. Осындай игі істерді Елбасымыздың халқына тарту еткен тамаша сыйы деп қабылдауымыз керек», деді.
Сол жұмыстардың тыңғылықты орындалып, Елбасы тапсырмаларының орындалуына «Нұр Отан» партиясының да өкілдері өз үлестерін қосып келеді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген автор